Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ұлттық сараптама орталығының филиалына барды.
Филиалға бару барысында денсаулық сақтау министрі зертханалардың жұмысымен танысып, мамандармен объектінің инфрақұрылымына, өткізілетін су сынақтарының көлеміне, сәйкестікті растау мақсатында өнімдерге қатысты бірқатар мәселелерді талқылады.
Аймақтағы су тасқыны жағдайына байланысты министр зертхана мамандарына ауыз судың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел зерттеулер жүргізуді тапсырды.
ҰСО зертханалары ауыз су мен тамақ өнімдерінің сапасын бақылаудың негізгі құралы болып табылады.
Төтенше жағдай кезінде облыста 9 аудандық бөлімше мен облыстық филиал орталығы сынама алумен және зертханалық зерттеулер жүргізумен айналысады.
Деректерге сәйкес, ағымдағы жылдың 15 сәуіріне ҰСО филиалының зертханалары 779 су сынамасын (су құбыры, ашық су айдындары, құдық) іріктеп алып, санитарлық-химиялық, бактериологиялық, паразитологиялық және вирусологиялық көрсеткіштерге 4 583 зерттеу жүргізді.
Бұл жұмыс Ұлттық сараптама орталығының күнделікті бақылауында.