Алматы қаласының халықаралық әуежайы аумағында қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлар туындаған кезде қызметтердің дайындық деңгейін тексеруге бағытталған оқу-жаттығу іс-шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында тырысқақ сияқты аса қауіпті жұқпалы ауруларды анықтау және оларға уақтылы ден қоюға ерекше көңіл бөлінді.
Оқу-жаттығуға Алматы қаласы бойынша Ұлттық сараптама орталығының филиалы мен Дезинфекция орталығының мамандары, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, шекаралық және кедендік бақылау органдары, әуежайдың желілік полиция бөлімшесі, медициналық пункт, жедел медициналық жәрдем және медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Негізгі мақсат — жолаушылар арасында ауру белгілері бар адамдар анықталған жағдайда ведомствоаралық үйлесімділікті және нақты іс-қимылды пысықтау.
Сценарий бойынша елге тырысқақ ауруының белгілері бар жолаушы келген. Ауру белгілерін анықтаудан бастап, науқасты оқшаулау және ауруханаға жеткізу, сондай-ақ эпидемияға қарсы және дезинфекциялық шаралар жүргізуге дейінгі барлық кезеңдер белгіленген талаптарға сәйкес толық орындалды.
Ұлттық сараптама орталығының мамандары санитариялық-эпидемиологиялық қауіптерге жедел ден қою, сондай-ақ басқа қызметтермен тиімді өзара іс-қимыл жасау бағытында жоғары дайындық деңгейін көрсетті.
Мұндай оқу-жаттығу шаралары мемлекеттік шекараның санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған алдын алу жұмыстарының маңызды бөлігі болып қала береді.