23.01.2026
Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы базасында Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдеріне арналған ХАСПП халықаралық тәжірибелеріне негізделген азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша семинар өтті.
Іс-шараның негізгі спикерлерінің бірі Ұлттық сараптама орталығының маманы Зейнолла Шәріпов болды. Ол семинар қатысушыларына «Әлемде және Қазақстан Республикасында азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы төтенше жағдайларға ден қою жүйелері» тақырыбында баяндама ұсынып, азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда елдің уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл тетіктерін таныстырды.
Зейнолла Шәріпов сондай-ақ Қазақстанның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі халықаралық органдар желісіндегі (INFOSAN) байланыс тұлғасы және азық-түлік пен жемшөп қауіпсіздігіне байланысты тәуекелдер туралы жедел хабарлау жөніндегі Еуропалық жүйенің (RASFF) бірыңғай ұлттық байланыс нүктесі болып табылады. Өз баяндамасында ол қауіпті өнімдер туралы елдерді хабардар ету мақсатында INFOSAN және RASFF жүйелерімен өзара іс-қимылға ерекше назар аударып, Қазақстанның халықаралық жүйелермен табысты ынтымақтастығының нақты мысалдарын келтірді.
Шәріповтың айтуынша, қауіпті өнімдерге жедел ден қоюдың тиімді жүйесі мен халықаралық бақылау құралдарын пайдалану халық денсаулығына, халықаралық саудаға төнетін қауіптердің алдын алуға және трансшекаралық қатерлерді уақтылы еңсеруге мүмкіндік береді.
Семинар барысында Ұлттық сараптама орталығы базасында Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы халықаралық стандарттарға қатысуын үйлестіретін Кодекс Алиментариус ұлттық құрылымының тиімді жұмыс істейтіні атап өтілді. Ақпараттық тәуекелдер жөнінде жедел дерек алмасуды қамтамасыз ететін INFOSAN желісі мен HACCP практикалық құралдарымен бірлесе отырып, бұл халық денсаулығын қорғаудың кешенді бақылау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осылайша, Ұлттық сараптама орталығы елдегі азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған стандарттарды, тәжірибе алмасуды және практикалық қауіпсіздік шараларын біріктіретін негізгі орталық болып табылады.