2026 жылғы 17–18 қарашада Берлин қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Еуропалық өңірлік бюросының Зертханалық арнайы тобының алтыншы отырысы өтті. Отырыс ДДҰ-ның Пандемиялар мен эпидемиялар жөніндегі жедел талдау ақпаратының жаһандық орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Қазақстан атынан аталған отырысқа Ұлттық сараптама орталығы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары – Басқарма мүшесі Айнагүл Мусина қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар операциялық дайындық пен биологиялық қауіпсіздік, «Бірыңғай денсаулық сақтау» (One Health) тәсілі аясында көшбасшылық әлеуетті дамыту, жоғары қауіп төндіретін инфекциялардың өршуіне диагностикалық дайындық, сондай-ақ аса қауіпті патогендерге қатысты 2026 жылғы өзекті деректер мен тәжірибеден алынған сабақтарды талқылады.
Отырысқа 20-дан астам елден тағайындалған үйлестірушілер, сондай-ақ ДДҰ-ның ынтымақтастық орталықтарының, серіктес ұйымдардың, ДДҰ штаб-пәтері мен Еуропалық өңірлік бюросының өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша 2027 жылға арналған басым бағыттар айқындалды. Негізгі міндет – басымдықтарды белгілеуден нақты әрі өлшенетін нәтижелерге қол жеткізуге көшу.